Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

Сұхбат

14 қаңтар, 2016

ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, КЕЛЕР КҮННЕН ҮМІТ КӨП

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – өлкедегі өндіріс алыптарының бірі. Компанияның тек Маңғыстау өңірі ғана емес, жалпы аймақ үшін де алар орны айрықша. Бұл кәсіпорындағы еңбек ырғағының қалыпты деңгейде, мұнайшылардың тұрмыстық-әлеуметтік жай-жағдайы жақсы болуы облыстың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалына да тікелей әсер етеді. Өйткені, «Маңғыстаумұнайгаз» – тек түбек экономикасына ғана емес, еліміздің батыс өңірінің, қала берді, Қазақстан экономикасының қарыштап дамуына қарқынды үлес қосып отырған ірі өнеркәсіп орны.

Сол себепті біз бүгін акционерлік қоғамның Бас директоры Бақыт Алтайұлы ИМАНБАЕВ мырзаға жолығып, кәсіпорынның өткен жылдағы өрелі істері мен қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігі және келешектегі кемел жоспарлары жөнінде сөз қозғағанды жөн көрдік.

- Бақыт Алтайұлы, қазіргідей жаһандық дағдарыс жан-жақтан қыспаққа алып тұрған кезеңде өзіңіз басқарып отырған алып кәсіпорынға да оңай болмағаны өз-өзінен түсінікті. Осы ретте «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кездескен қиындықтар мен кедергілерді қалай еңсеріп, жеңе білді? Бүгінгі тақырып ауқымын осы орайда өрбітсек. Алдымен өткен 2015 жылды қалай қорытындыладыңыздар, сол жөнінде кеңірек айтып берсеңіз.

- Иә, өзіңіз айтып отырғандай, бүгінгі таңда дүние жүзінде болып жатқан экономикалық дағдарыс біздің елімізді де, оның ішінде компанияны да айналып өтпегені белгілі. Өткен жылдың қыркүйек айында өткен кеңесте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: «Қанша бағдарламалар жасасақ та, өмір мен жағдай алдымыздан қиыншылықтарды алып келеді. Қазір де осындай қиыншылыққа таяп тұрмыз. Бұл дүниежүзілік дағдарыстан ешкім де тыс қалмайды. Қазақстан – әлем мемлекеттерімен, экономикаларымен байланысы бар ел. Сондықтан, бұл дағдарысқа алдын ала барлық жағынан дайындалып, еңсеруіміз керек», - деген болатын. Біздің кәсіпорын Ұлт көшбасшысының осы ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, барлық қиыншылықтарға төтеп беріп, тығырықтан шығудың тың жолдарын іздестіру арқылы акционерлік қоғамның абырой-беделіне дақ түсірмей, қалыпты деңгейдегі хал-ахуалын тұрақты түрде сақтай білді.

Алдыңғы жылдардағыдай өткен 2015 жылы да компаниядағы еңбек ырғағы бір сәт те бәсеңсіген жоқ. Акционерлік қоғамның қаржылық жағдайын бір қалыпта ұстай отырып, өндіріске инновациялық технологияларды енгізу арқылы өнім өндіру көлемінің артуын көздеген саясатымыз өз жемісін берді. Соның нәтижесінде жоспар бойынша 6 млн. 250 мың тонна мұнай игеруге тиіс болсақ, жыл қорытындысында бұл межені асыра орындап, 6 млн. 273 мың тонна «қара алтын» өндірдік. 396593,833 текше метр табиғи газ, 335490,9 текше метр ілеспе газ өндірілді. Мемлекетке 6250,474 мың тонна мұнай тапсырдық.

Аңғарған адамға осы цифрлардың өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Айта кету керек, мұндай жоғары көрсеткіштерге біз тек акционерлік қоғам басшылығы жүргізіп отырған ауқымды саясаттың нәтижесінде ғана емес, қарапайым еңбек адамдарының – Қаламқас, Жетібай, Асар сияқты алыс-жақындағы кен орындарында, елдің шетінде, желдің өтінде, қыста сақылдаған сары аяздың, жазда аптапты аңызақтың астында күн-түн демей еңбек етіп жатқан қарапайым мұнайшы қауымның қажырлы еңбегінің арқасында ғана қол жеткізіп отырмыз.

- Мұнай өндіретін ұңғыларды пайдалану тиімділігі қаншалықты артты? Жыл бойына қанша жаңа ұңғы пайдалануға берілді?

- Өнім өндіру қарқыны ұңғымалардың пайдалану тиімділігіне тікелей байланысты екені белгілі. Бұл ретте кәсіпорынның кен алаңдарындағы ұңғылардың жұмыс істеу мерзімін ұзарту мақсатында оларға күрделі жөндеу, жер асты жөндеулерін жүйелі түрде жүргізіп тұрудың маңызы зор. Өткен 2015 жылы жоспардағы 154 ұңғыманың орнына 170 мұнай ұңғымасы пайдалануға берілді. Жоспарланған 9 ұңғыманың орнына 12 айдау ұңғымасы іске қосылды. Соның нәтижесінде 252 мың 113 тонна мұнай өндірілді.

- Мұнай ұңғыларына геологиялық-техникалық шаралар қандай деңгейде жүргізілді? Жалпы, қабаттағы мұнай өнімділігін арттыру мақсатында жаңа технологияларды енгізу қаншалықты нәтиже берді?

- Мұнай ұңғыларына геологиялық-техникалық шаралардың тұрақты түрде жүргізілуін біз ұдайы назарда ұстап отырамыз. Өткен жылы компания бойынша барлығы 147 мұнай өндіретін ұңғыларға осындай жұмыстар жүргізілді. Соның арқасында 145,556 мың тонна мұнай өндірілді.

Кәсіпорын басшылығы ең озық заманауи технологияларды қолдана отырып, қабаттағы мұнай өндірудің тиімділігін арттыру үшін жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу мәселесіне де баса мән береді. Бұл – өндіріс барысында тұрақты түрде жалғасып отыратын процесс. Мәселен, 2014 жылдың қыркүйек айында Қаламқас кен орнында француз технологиясы бойынша полимерді жүктеу жұмыстары басталғаны ақпарат құралдары арқылы бірнеше рет айтылып, жазылды. Қазір осы оң өзгеріс табысты түрде жалғасуда. Соның нәтижесінде 2014 жылы нақты 1341,2 тонна қосымша мұнай өндірілсе, 2015 жылы қосымша мұнай өндіру 14 767 тоннаға жетті, өндірістік-тәжірибелік сынақтар басталғалы бергі өндірілген қосымша мұнай көлемі – 16 108,6 тонна, ал бір ұңғыманың орташа тәуліктік өсімі 1,94 тонна болды.

Өткен 2015 жылдың наурыз айында Қаламқас кен орнында қытай технологиясы бойынша полимер жүктеу жұмысы басталған болатын. Өндірістік-тәжірибелік сынақтар басталған кезден бастап күні бүгінге дейін қосымша мұнай өндіру 12 873 тонна болса, 1 ұңғыманың орташа тәуліктік өнімділігі 5,57 тонна болды.

Сондай-ақ, қолға алынып жатырған жаңа технологиялардың, ең бастысы, мұнайшылардың ерен еңбегінің арқасында көптеген онжылдықтар белесінде Жетібайда алғаш рет мұнай өндірудің тәуліктік деңгейі 6 мың тоннадан асқан! Бұл көрсеткіштер соңғы рет Кеңестер Одағы кезінде болғандықтан, қазіргідей өтпелі қиын кезеңде компания үшін тамаша нәтиже болып отыр! Осының нәтижесінде Жетібай жоспардан тыс 10 мың тоннадан астам мұнай өндіріп отыр.

Ал Қаламқас кен орнындағы газ-турбиналық электр стансасын (ГТЭС) іске қосу арқылы 2014 жылы компания үшін электр энергиясын сатып алу және тасымалдау құны 2 млрд. 631 млн. теңгеге үнемделсе, 2015 жылдың қорытын-дысында 3 млрд. 663 млн. теңге компания қаражаты үнемделді. Жобаның компанияға тиімді болғаны сол, қазіргі әлемде қалыптасқан экономикалық дағдарыс кезеңінде етек-жеңімізді қымтап, өз күшімізбен өндірістің мұқтажын шешудеміз.

- Бақыт Алтайұлы, келесі сұрақ – экология мәселесі, мұнайдың қоршаған ортаға зиянын азайту бағытында қандай шаралар алынуда?

- Өндірістік және экологиялық қауіпсіздік бағытында жоғары стандарттарды енгізу – компания қызметінің басым бағыттарының бірі. Оған мысал - өткен жылы Жетібай кенорнында ластанған топырақты тазалау қондырғысы іске қосылды. Қондырғы топырақ құрамындағы барлық зиянды қосындыларды қыздыру арқылы жағып жібереді. Жұмыс процесі толықтай автоматтандырылған. Жаңа технология жұмыс циклын барынша оңтайландырып, ең бастысы, процеске адамның араласуы шектелді. Ал тазаланған экологиялық таза құм шыны-пластикалық құбырлардың астына төсеуге, жол құрылысына пайдаланылады. Бүгінгі таңда тәулігіне 30 тоннадан астам топырақ өңделуде. Қондырғы іске қосылғалы 500 тоннаға жуық ластанған құм тазаланды.

- Мұнай бағасының түсуі кәсіпорынның еңбек ырғағына әсер етті ме?

- Әрине, елде болып жатқан жалпыға бірдей жағдайдан біз де сырт қала алмаймыз. Сондықтан бізге эконо-микалық өсімді арттыру үшін жер-жаһандағы бүкіл елдерді сынаққа алып отырған қауіп-қатерлерден сақтану жолдарын іздестіріп, дамудың дәл осындай жолдарынан өткен, экономикалық құрылымы бізге ұқсас мемлекеттердің тәжірибелерін терең зерттеп, солардың өткен жолынан үлгі алып, үйрене білуіміз керек.

Осы орайда біздің кәсіпорын да өзінің осыған дейінгі ұстанып келе жатқан стратегиялық саясатын өзгертпей, компания қызметкерлерінің еңбекке деген құлшынысы мен ынта-ықыласын төмендетпей, осы бірқалыпты көңіл күй ауанын сақтай отырып, дағдарыстан дамудың жолына түсу мүмкіндіктерін үнемі іздестіріп отырады. Осы мақсатта қазіргі күн талабына орай жаңа бағдарламалар жасақтап, жан-жақты белсенді жұмыстар жүргіздік. Компанияға бөлектеп есепке алу тәсілін енгіздік. Сол арқылы кәсіпорын активтерінің пайдаланылу тиімділігін, әрбір ұңғымадан өндірілетін мұнай көлемі мен оған кететін тікелей және жанама шығындар туралы мағлұматтарды, әрбір өндірістік активтің егжей-тегжейлі, жан-жақты есебін алып, соған байланысты ұтымды шешімдер қабылдадық. Сол себепті қазіргі қаржы дағдарысы кезінде де акционерлік қоғамдағы ахуал анау айтқандай қатты өзгеріске ұшыраған жоқ.

Рас, кейбір мәселелерде барынша үнемдеуге, бірқатар басы артық шығындарды қысқартуға тура келді. Компанияның бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін қолдау бағытында 2016-2020 жылдарға арналған шығындарды оңтайландыру бағдарламасының жобасы жасақталды. Сол арқылы кәсіпорынның қаржы-экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған ауқымды шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Осындай бірқатар тиімді жұмыстарды жүргізу нәтижесінде уақыт талабына сай үнем мен ұқыптылыққа қол жеткізілді. Бірақ компанияның қаржылық әлеуеті мен өндірістік қарқыны қатты бір қысым мен қиыншылыққа ұшыраған жоқ, негізінен бұрынғы, бұған дейінгі жалпы жағдайды, қалыпты еңбек үдерісін сол қалпында сақтап қала алдық.

- Өткен жылы компания әлеуметтік салаға қаншалықты көңіл бөлді?

- «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы осы өлкенің дамуы мен кемел келешегі үшін қолынан келгенін аянып қалған емес. Компания Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатының Маңғыстау облысында жүйелі түрде жүзеге асуына барынша қолдау көрсетіп келеді. Өткен 2015 жылы бұл бағытта қыруар игілікті істер тындырылды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысына және Ақтау қаласына әлеуметтік қолдау көрсету үшін 300 млн. теңге бөлінді. Жалпы, соңғы бес жылда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы тарапынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 8 млрд. 627 млн.-нан астам теңге бөлінгенін атап айтуымыз керек.

Акционерлік қоғам облыстың елді мекендерін қолдау мақсатында демеушілік көрсету жұмыстарын жыл сайын жалғастырып келеді. Атап айтқанда, Маңғыстау және Қарақия аудандарына өткен жылы 78 млн. теңге қаржылай көмек көрсетілді.

Компания басшылығы облыс аумағындағы мамандандырылған балалар мекемелеріне, балалар үйіне, қоғамдық ұйымдарға қайырымдылық көмек ретінде 11 980 млн. теңге қаржы бөліп, қамқорлық жасады.

Әлеуметтік жауапкершілік компанияның дамуындағы маңызды стратегиялық бағыттардың бірі болып табылады. Бұл ретте біз 2015 жылы қазақстандық тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуды тиісінше 35, 70 және 90 пайыз көлемінде қамтыдық.

Кәсіпорын әрқашанда жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері мен қызметін дамытуға қолдау танытып отырады. Осы мақсатта өткен 2015 жылы жергілікті ауыл шаруашылық өндірушілерімен 547 млн. теңге сомасындағы меморандумға қол қойдық. Осылайша компания жұмысшылары тұтынатын ет және сүт өнімдері тек қана маңғыстаулық фермерлерден сатып алынып келеді.

Компания Маңғыстау облысындағы ірі салық төлеушілердің бірі болып табылады. Сол арқылы өңірдің және еліміздің экономикалық дамуына қомақты үлес қосуда. 2015 жылы мемлекеттік бюджетке 130 млрд. теңгеден астам салық төленді, ал соңғы бес жыл ішінде төленген салық мөлшері 1 трлн. 225 млрд. теңгеден асты.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының басшылығы өлкедегі туризм мен спорттың дамуына да зор үлес қосып келеді. Компания «Маңғыстау облысының бокс федерациясы» қоғамдық бірлестігіне жарыстарды өткізу үшін және жас спортшылардың әртүрлі респуб-ликалық жарыстарға қатысуы үшін 60 млн. теңге қаржы бөлді.

Білімді маман, білікті кадр, жалпы, адам ресурсы – компанияның басты байлығы болып табылады. Кәсіпорын басшылығы бұл гуманистік бағытынан ешқашанда айныған емес. Сол себепті 2015 жылға жұмысшы-қызметкерлердің балаларын оқыту үшін 53 млн. 500 мың теңге қаражат бөлінді. Сонымен бірге жұмысшы-қызметкерлердің де міндетті оқуын, мамандардың біліктілігін арттыруын, ҚХР-мен өзара тәжірибе алмасу сияқты оқуларын да жіті қадағалап, арнайы қаржыландырып келеді.

Ұжымдық келісім-шарт бойынша 2015 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның жұмысшы-қызметкерлеріне 524 млн. теңге көлемінде материалдық көмек берілсе, соның 67 млн. теңгесі зейнеткерліктегі қызметкерлерге жәрдем ретінде жұмсалды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлерінің үйлеріне күрделі жөндеулер жасалды. Қоғам жұмысшыларының отбасында сәбилі болғандарына, төрт және одан да көп балалы отбасына, мүгедек бала тәрбиелеп отырған жұмысшы-қызметкерлерге, отбасында жақын туысы қайтыс болғандарға берілетін қаржылай көмектері бар. Жаз мезгілінде жұмысшы-қызметкерлердің 1700-ден астам балалары Қазақстан мен Ресейдің жазғы сауықтыру демалыс орындарында демалып келді. Сонымен қатар компанияда жалақы мен тоқсандық сыйақылардың төмендеуі, қызмет-керлердің қысқартылуы болған жоқ. Қазіргі таңдағы дағдарыс қиындықтарына да, ештеңеге де қарамастан, біз Ұжымдық шарт бойынша мойнымызға алған барлық міндеттемелерді орындап келеміз.

- Сөз соңында кәсіпорынның 2016 жылға арналған жоспарлары жөнінде айта кетсеңіз...

- Ел тынысымен бірге еркін дамып келе жатқан компаниямыздың келешек күндерге деген сенімі де мол.

Биыл жоспар бойынша 6 млн. 285 мың тонна «қара алтын» өндіруді көздеп отырмыз. Табиғи газ өндіру көлемі 409 млн. 914 мың 312 текшеметр, ілеспе газ көлемі – 343 718,084 текше метр болмақ.

2016 жылы 172 жаңа ұңғыманы пайдалануға беру, сол арқылы 276 мың 999 тонна қосымша мұнай өндіруді межелеп отырмыз. Жоспар бойынша ұңғыларға биыл күрделі жөндеу, жер асты жөндеуі, геологиялық-техникалық жұмыстар жүргізу арқылы 115 мың 729 тонна қосымша мұнай өндіріледі деп күтілуде. Сонымен қатар қабаттағы мұнай өнімділігін арттыру мақсатында Қаламқас кен орнындағы 64 мұнай өндіру және айдау ұңғысына жаңа технология енгізілмек. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында жұмыс істемей тұрған 22 ұңғыны пайдалануға беріп, іске қосу, сол арқылы 7537 тонна қосымша өнім алу да көзделуде.

«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы тек мұнай мен газ өндірумен ғана айналысып қоймайды. Сонымен қатар, әлбетте, осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің шешілуіне де белсенді түрде атсалысып, облыс халқының тұрмыстық жай-жағдайының жақсаруына да бұрынғыша қолдау көрсетіп отыратын болады. Әрине, кәсіпорын жұмысшылары мен қызметкерлерінің әлеуметтік хал-ахуалы да ешқашан назардан тыс қалмақ емес.

Бір сөзбен айтқанда, «Маңғыстау-мұнайгаз» АҚ – тұрақты өсу мен қарқынды даму жолындағы ірі компания. Кәсіпорын қазіргідей қаржы дағдарысына қарамастан, еңбек қарқынын бір сәт те бәсеңдетпей, өндiрiске жаңа техно-логиялар мен инновацияларды енгізіп, мамандардың жоғары кәсіби біліктілігін арттыра отырып, болашаққа қарыштап қадам баса береді деген сенімдемін.

- Бақыт Алтайұлы, кәсіпорынның қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты мағлұмат берген әсерлі әңгімеңіз үшін Сізге көп рахмет! Істеріңізге игілік, еңбектеріңізге жеміс тілейміз!

Сұхбаттасқан:

Рахат ҚОСБАРМАҚ.