Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

27 қазан, 2017

Партиятынысы

Қазан айының 26 жұлдызы күні «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ғимаратында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласын таныстыру-насихаттау, одан туындайтын мәселелер мен тапсырмаларды түсіндіру мақсатындағы кездесу өтті. Шараға Ақтау қалалық маслихатының депутаты Қуаныш Қалпенұлы Есетов пен «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалы директорының кеңесшісі Құндызай Алшынбайқызы Дәулетбаева, Компания басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Биылғы жылдың сәуір айында жарық көрген бағдарламалық мақаласында Елбасы халық алдына мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болуымыз үшін өзекті бірқатар мәселелерді ашып, оларды шешу арқылы межелі отыздыққа кіруіміз үшін орындалуы тиіс міндеттерді жүктеді. Солардың бірі, әрі ең өзектісі қазақ тілін 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшіру. Өз мақаласында Елбасы бұл мәселе жөнінде «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп түсініктеме береді. Ал кездесуге келген Ақтау қалалық маслихатының депутаты Қуаныш Есетов мәселені көпшілік үшін былай деп тарқатты:

- Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер. VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды. V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді. Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб әліпбиі тарала бастады. Мысалға, Ұлы қазақ жазушысы Абайдың барлық шығармалары осы арабтың төте жазумен жазылған. Бұл 1929 жылға дейін жалғасты. Сол жылы, сол кездегі саяси ахуалдарға байланысты, Кеңес үкіметі латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдап, латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін, өздеріңіз білетіндей, қазақ тілі кириллицаға ауыстырылды. Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келгенін көріп тұрсыздар. Ал бүгінгі жағдай мүлдем бөлек.

Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, сол бәсекелестік тудырып тұрған мемлекеттермен тереземізді теңестіруіміз қажет. Ал ол бірінші кезекте білім-ғылым саласындағы жетістіктерімізге байланысты. Осы жерде әлемдік ақпарат кеңістігінде процесстердің 80 пайызы латын әліпбиінде жүретінін ескерсек, қазақ тілінің де латын әліпбиіне көшуі заман талабы, заңдылық.

Расында да, жаһандық саясат тақтасында өзіндік орны бар ойыншылардың басым бөлігі латын әліпбиі негізінде құралған жазбаны пайдаланады. Демек өзара хат алысу мен хабар алмасу қиындықтар тудырмайды. Әлемді ақпарат билеген заманда ойы озық ойыншылар қатарынан табылу үшін бізге де ортақ тілге – ақпараттық технологиялар мен әлемдік ғылым тіліне көшу ауадай қажет.

Бұдан бөлек, кездесу барысында Елбасы мақаласында көтерілген прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, бәсекелестікке қабілеттілік, білімнің салтанат құруы, ревалюциялық емес эвалюциялық даму жолын таңдау, сананың ашықтығы тақырыптары төңірегінде де ой қозғалып, бағдарламада ұсынылған жобалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.

Ғ.Әбдісадық