Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

БІРІНШІ!

06 қараша, 2017

Жетібай мұнайының жарты ғасырлық тойының дүркіреп аталып өткеніне жыл айналды. Өлке үшін маңызды оқиға тұсында Ата-тарих өткен-кеткен туралы бар сырын ақтарды десе болады. Ал бар тарихтың бастауы болған «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасындағы №1 мұнай және газ өндіру кәсіпшілігінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?

Жетібай, Оңтүстік Жетібай, Айрантақыр, Придорожный, Ащыағар, Алатөбе, Солтүстік Аққар, Солтүстік Қарағия, Атамбай-Сортөбе, Оймашы... Түйе қарай шыққан шалдардың аузында жүретін, осы түбектің баласынан бастап баршасының құлағына сіңісті етене жер-су аттары. Ал бүгінде шеті мен шегі көкжиекке ұласып жататын мидай жазық дөңдегі он кенорнының атауы. Олар №1 мұнай және газ өндіру цехына қарасты кенорындар. Кәсіпшіліктің күретамыры. Мұнда жиырма төрт топтық қондырғы мен екі айдау стансасы жеті қабат жер қойнауынан күні-түні мұнай өндіруде. Цехта 160-тан аса мұнайшы еңбек етеді. Инженерлік техникалық қызметкерлермен қоса мұнай және газ өндіру операторлары, слесарь-жөндеушілері, техникалық су қыздыру қондырғысының операторлары және газбен кесуші, электр-газбен дәнекерлеушілері бар «қара алтын» өндіріп жатқан бірлігі жарасқан тату ұжым.

Тарихи сабақтастық, дәстүрге адалдық ұғымдары бірінші цехтықтар үшін аса қастерлі. Себебі олар бірінші. Цех та бірінші, осы цехтың бастауы - алғаш мұнай фонтаны атқылаған №6 скважина да бірінші, өлкенің мұнай өндірісінің тарихында да бірінші болып ізі қалды. Қиыр шеттегі түбекте мұнай қорының ашылғаны және Маңғыстаудың игеру кезеңінің басталғаны осы жерден бүкіл әлемге бірінші болып жарияланды. Бұл цех - еңбек жолын бірінші болып, Жетібайда, бірінші цехта бастаған, бұрынғы Үкімет басшысы марқұм Нұрлан Балғынбаев, қазақ мұнай өнеркәсібінің білгір мамандары, білікті басшылары Төлеген Хасанов, Сейсенғали Өтеғалиев, Абат Нұрсейітов, қарапайым оператордан бастап облыстың басшысы, вице-министрлікке дейін көтерілген Алик Айдарбаев, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының басшыларының бірі Жетібай Төлеғожаев үшін де еңбек жолының бірінші парағы...

Сонау 1965 жылдан бері мұнайшылардың неше буыны ауысты. Мүмкін төртінші, мүмкін бесінші буын. Еңбек вахтасында. Қалыптасқан дәстүрге сай бірінші цех бірінші болуға, көш басындағы тұғырынан түспеуге сертті.

Сөзіміздің дәлелі, бүгінгі таңда цех мұнай өндіру көлемін жылдан-жылға арттырып келеді. Барлық озық технологиялар өндіріске енгізілген. Соның нәтижесінде жылдан-жылға өнім өндіру көлемі ұлғаюда. Ұңғылардың өнімін ұлғайту мақсатында геологиялық-техникалық шаралар жасалып, 67 ұңғы қосымша өнімнен оң нәтиже көрсетті. Бүгінгі таңда кен орындарындағы негізгі және қосалқы (резервтегі) мұнай құбырлары, жұмыс істеп тұрған 420 ұңғының барлығы шыны-пластикалық құбырмен қамтамасыз етілген. Соның нәтижесінде құбырлардың жарылуы, мұнай қалдықтарының жерге төгілуі тоқтатылды.

Кенорындарында көлденең бұрғылау, бүйірлі оқпандап қазу, ұңғыны қышқылды сұйықтықпен жару (КГРП), су айдайтын ұңғыларды толқынды соққылаумен өңдеу (ГМЩП) әдістері қолданылады. Ұңғы өнімін арттырудағы негізді шешімдердің және мұнай игерудегі енгізілген жаңа әдістемелердің арқасында мұнай өндіруде тұрақты жағдай қалыптасты. Тәуліктік мұнай өнімі қазан айындағы көрсеткішпен - 2700 тонна, яғни цех межеленген жоспарды 33 тоннаға артығымен орындады.

№1 мұнай және газ өндіру кәсіпшілігіндегі инженерлік-техникалық қызметтердің жұмыстары толығымен компьютерлендірілген. Цехта өндірістік қауіпсіздік, жұмыс барысында апаттың алдын алу, қауіпсіздік техникасына байланысты шаралар жүзеге асырылып отырады.

Цех басшысы Әділбек Әкімиязовтың жас та болса бас болып, жауапты қызмет атқарып жүргеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Жетібайда туып, білім алған соң осы өндірісте шыңдалған Әділбек Нұрғалиұлы адамдармен тіл табысып жұмыс істеу, оларды белгілі бір істі тындыруға жұмылдыру, атқарар істің көзін тауып, нәтижеге жету оңай шаруа емес екенін айтады.

- Өндіріс – жайбарақатты көтермейтін жер. Еңбегің жанып, өз ортаңның беделді маманы болу үшін, біріншіден, өзіңе берілген жұмысты тиянақты орындау шарт. Ең бастысы, цехта қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау қажет. Таңертең үйінен жұмысқа кеткен азамат отбасына аман оралуы тиіс. Ал қауіпсіз еңбек бар жерде — табыс та болатыны сөзсіз. Біздің ұжым осы қағиданы берік ұстанады. Жылдан-жылға іс-тәжірибемізді шыңдап, озат еңбеккерлер қатарынан көрінуге тырысып келеміз, — деп сұхбатын бастаған ұжым басшысы: «біздің цех - тарихи тұлғаларға мектеп болған кәсіпшілік мұнайшы аталарымыз бен әкелеріміздің ерен еңбегі жатыр. Ал оған лайық болудың жауапкершілігі аса жоғары, міндеттің міндеті».

Айтса айтқандай, «Үздік маман – 2017» кәсіби біліктік байқауының бірінші кезеңінен компания деңгейінде «Үздік оператор» додасының жүлдегері Сәкен Саметдинұлы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниялары арасынан «Үздік слесарь-жөндеуші» атанған Абдол Бижановтың №1 мұнай және газ өндіру цехынан шығуын дәстүрге адалдық демей көр!

Цех мұнайшылары еңбекте де, қоғамның өмірінде де алда. Цех геологтары Байсары Дүйсенбаев, Жомарт Құдайбергенов, Қайрат Ходжаев «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жас мамандар Кеңесі құрамында мемлекеттік жастар саясатына белсене атсалысып жүрсе, слесарь-жөндеуші Кенжебек Оңғалиев пен оператор Ержан Мұратбаев - «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы футбол және волейболдан ардагер спортшылардың құрама командасында. Мұнай операторы Талғат Жақыпов компанияның атын облыс, қала берді республика сахналарында елге танытып жүрген танымал өнерпаз. Талғатсыз өтетін шара жоқ десе де болады. Айлап, апталап үй бетін көрмейтін мұнайшылар қауымының еңсесін көтеріп, санасын сергітіп, жұмысқа деген құлшынысына рухани күш сыйлайтын сан шараның бел ортасында өнерді серік еткен әріптестерінің басын қосып Талғат жүреді. Кешелі-бүгінді Астана қаласынан жеткен хабарда «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Тәуелсіздік күніне орай өткізетін салтанатты шарасына бүкіл Қазақстаннан жиналатын мұнайшылардың басында Талғат Жақыповтың аты-жөні тұр. Бұл да цех басшылығының ұжымдағы тәрбиелік бағыттағы жұмысының, жұртшылықпен байланысының жарқын көрінісі.

... Жетібаймен қапталдаса тақтайдай түзу жол жарысады. Өндіріске кетіп бара жатқан, өндірістен келе жатқан машинаның есебі жоқ. Жаңа жол. Елу жылда ел жаңа деген сол. Жаңа қарқынмен жаңа асуларды бағындыруға бағыт қойған Қазақстан экономикасының күре тамыры – мұнайдың елге тиген шарапатын осыдан көре бер. Ал сол мұнайдың әр тамшысында өзге әріптестер сияқты «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының №1 мұнай және газ өндіру цехы жұмысшыларының маңдай тері, еселі еңбегі жатыр. Өз мамандығына шын берілген жайсаң жандар еңбек ететін ұжымның әр күні тек толағай табыстармен өрнектелетініне сенім мол. Себебі, олар БІРІНШІ!