Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

slide
slide
slide

ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ЕРЛЕР

07 қараша, 2017

Маңғыстау! Мұнара. Мұнай.

Киелі топырақта туған әрбір пенденің пешенесіне жазылған тағдыр дейміз бе, Алла тағала аста-төк байлықты Маңғыстау деген майлы қиян топыраққа қиыпты. Сонау 60-жылдары “Барсакелмес” деп бағы аспаған өлкенің береке мен мерекенің бастауына айналғаны әлі талай ұрпақтың көңіліне қуат, ертеңіне үміт байлайтыны хақ.

Жетібай жерұйығына табан тірегенімізде қырды жағалай, сайын даланың о шеті мен бұ шетіне сап түзеген мұнараларға қарап:

Кетті мені үйіріп тасқынды шақ,

Мұнайшыға айқара аштым құшақ.

Мұнаралар тұр маңғаз, тапжылмастан,

Туған жерін күзеткен сақшыға ұқсап, – деген ақын жерлесіміз Медет Дүйсеновтың жыры еріксіз ойға оралды. Үздіксіз басын иген мұнара мәрт Маңғыстаудың ілтипатындай-ақ әсер қалдырады екен. Бұл жерде өскен әрбір бүлдіршіннің "өскенде кім боласың?" дегенде, мүдірместен "мұнайшы болам" демейтіні кем шығар...

Қоңыр күздің көркем бір күнін «Мұнайлы өлке» газеті редакциясы тапсырмасымен мұнайшы деген елдің еңбегін ұлығылау мақсатында кәсіпшілікте өткізген біздер мұнайшы тірлігінің «ғаламаты мен машақаты» жайында сөз қозғамақпыз. Сонымен, біздің кейіпкерлеріміз, әлқисса...

...Бекболат

Пайдаланыстағы жабдықтарды жөндеу және прокаттау цехының 6-дәрежелі жөндеуші слесарі Бекболат Медресінұлы Өмірзақовтың өз ісін жетік білетіндігі әңгімесінің ауанынан байқалады. Сөзі нық.

Бекболат Өмірзақов майдангердің ұлы. Әкесі Медресін Ұлы Отан соғысының ардагері. Бүгінгі күні 94 жасты еңсерген ардақты ақсақал Құдай қосқан қосағымен 3 баласын жетілдіріп, бейбіт күннің қызығын ұрпағының ортасында қызықтап отырған, адал еңбекпен абыройға бөленген бақытты отбасының тірегі.

1963 жылы Қостанай облысында дүниеге келген Бекболат есейген шағында отбасымен Маңғыстауға қоныс аударады. Әкесі көлік саласында диспетчер, анасы «Комсомольскнефтте» ұзақ жыл еңбек етті. Бекболат өндіріспен бірге ержетіп, өлкемен бірге есейген ұрпақтың өкілі. Ілгергі буыннан үйреніп, жылдармен жиған тәжі-рибесін кейінгі жас мамандарға көрсетуден танбаған табанды слесарьдың 24 жылы мұнайшы кәсібімен өрілген екен. Осы аралықта абыроймен келген атақ та, маңдай термен келген несібе де

Бекболат Өмірзақовқа жастық шақтарының жарқын сәттерін еске салады.

– Ағам осы салада қызмет етеді. Оның қасында жүріп көп нәрсені үйрендім. Титтей кезімнен темір-терсекке тым әуес болдым. Слесарьлықты меңгеруіме осы қызығушылық алып келді. Қазіргідей заманның ілгері дамыған сәтінде техниканың тілін білу аса қажет деп ойлаймын. Жаңадан жұмысқа қабылданған жастарға осы қағиданы құлаққа құюдан танбаймын. Қолдан келгенше осы мамандықтың қыр-сырын үйретуге тырысамын, – дейді еңбек адамы.

Бүгінде пайдаланыстағы жабдықтарды жөндеу және прокаттау цехында жалпы саны 125 адам болса, Бекболат ағаның бригадасында 5 адам жұмыс істейді. Жылжымалы дәнекерлеуші агрегаттарды күрделі жөндеуден өткізу, олардың тоқтап қалмауын қадағалау негізгі міндетіне кіретін цех өз істерін жетік білетін жұмысшылардан құралған. Бірлігі жарастықты ұжым. "Еңбегі сіңген мұнайшысы" деген атақты абыроймен алып келе жатқан Бекболат Өмірзақовтың бұл ұжымда абырой-беделі, алар орны елеулі. Бізбен сұхбатында кісілік сөз айтып, кішіпейілділік көрсеткен ағаның жақсы әңгімелерінен біздің де жанымыз жадырады.

...Мая

Мая Рысқалиева осы өңірдің тумасы. 1979 жылы Жаңаөзен қаласындағы политехникалық училищені тәмамдап, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына жұмысқа орналасады. Міне, қырық жылға таяу уақыт бір кенорнында табан аудармай еңбек етіп келеді.

– Мұнай дайындау және өткізу цехы ол кезде қазіргідей автоматтандырылған, компьютерлік құралдармен жабдықталған емес-тін. Сол себепті, көптеген жұмысты қолмен істедік. Жұмыскерлер саны да саусақпен санарлықтай еді. Тіптен, арнаулы жұмыс киімін ауыстыратын бүгінгідей бөлмелер де жоқ, жұмыс басына жеткізілген вагонды қанағат ететінбіз. Жұмыс киімінің тапшылығы да қатты сезіліп, үйден артық-ауыс киім-кешектер әкеліп жүрдік. Ал асхана әуелгі 10 жыл ішінде ашыла қоймады, – дейді Мая апа.

Мұнай өндіру саласының ең бастапқы кезінде жұмыс жасаған мұнайшы елдің ерік-жігері мен табандылығы бүгінгі жастарға аңыз сынды. Ал ердің білегі мен күшін қажет қылатын цехтың ішкі-сыртқы қызметтерін мойымай атқару, қазандық құралдарын талдырмаш қолдарымен еңсеру Мая апа сынды нәзік жандылардың жылдарға жалғасқан жұмысы.

Ұңғымадан өндірілген шикізат күйдегі мұнай мұнай дайындау және өткізу цехына құбырлар арқылы жеткізіледі. Жан беріп, жан алатын жанкешті сәттер өндірісте болып жатады. Бірде мұнай құбырларының жарылып, жұмысшыларды түгел әлекке салғаны Мая апаның әлі күнге есінде. «Бүкіл бригада жұмыла жабылып, жайылған қара майды қолмен тазалап шығатын едік. Өндірістің осындай өз қиыншылықтары мен тауқыметі бір әңгімеге сыймайды ғой»,- дейді мұнайшы апамыз.

Мұнайды алғашқы шикізат күйінде жер түбінен өндіріп, қазандыққа жиып, оны сораптармен сорып, мұнай дайындау қондырғысына құю, одан әрі оны судан ажыратып, мұнай құрамындағы тұз көлемін анықтау, сағат санап бақылау тауар операторы Мая апаның көп міндеттерінің қатарына жатады.

Қазандық басындағы қайнаған қара жұмыстың ортасында жүретін оператордың кәсіби тәжірибесінен қиындықтың өзі қашатындай. Төрт баланың болашағы үшін қай жұмыстан да белі қайыспаған еңбекші ананың бейнетінің зейнеті де жақын. Еңбегі еленіп, Компания тарапынан бірнеше рет Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарына ие болды.

...Күлән

Күздің мизамшуағы өткен шақ. Аспанды торлаған ала бұлт біз Ақтаудан шығып Жетібайға жеткенше тарап та үлгерді. Кенорнына келгенімізде өндірістің тірлігі де қызып жатыр екен. Ызу-қызу дыбыстан, мәшинаның шуынан құлақ тұнады. Жердің нешеме қабатындағы өндірістің тамырын бағу оңай деп кім айтты?!

...Кешенді мұнайды дайындау және өткізу цехы. Мұнда сыйымдылығы 5 мың текше метр 13 қазандық бар. Аталған цехқа тәулігіне 6 360 тонна мұнай келеді. Ол өңделіп, жоспар бойынша күніне 6 333 тонна тауарлық мұнай өткізіледі. Ұжымында 94 адам жұмыс жасайтын мұнай дайындау және өткізу цехының тауар операторы Күлән Нұрмағанбетқызы бізге мұнай дайындау технологиясын жіті түсіндірді:

– Келген сұйықтықты белгіленген температурада пеш арқылы қыздырамыз. Содан кейін жылытылған мұнай 5 000 текше метр қазандыққа жиналады. Мұнайды сораптармен сорып, қалған шикі өнімді мұнай дайындау қондырғысына айдаймыз. Сұйықтықты тұндыратын қондырғылар суын айырады, электрогенератор мұнай құрамындағы тұзын анықтайды. Екі сағат сайын нәтижелерін қарап бақылаймыз. Мемлекеттік стандартқа сай келсе, "ҚазТрансОйл" мекемесіне тапсырамыз, – дейді Күлән апа.

Күлән Оразмағанбетованың тауар операторы болып жұмыс істегеніне биыл 35 жыл толады. Міне, осы уақыт аралығында мұнай кәсіпшілігіндегі тауқыметті азаматтармен қатар кешіп келе жатқан Күлән апаның да, ұжымдас қыз-келіншектердің де осалдық танытқан жері, сірә, сирек шығар. Өндірістің тоқтаусыз жүріп жататын процесінде «мынау жігіттің жұмысы, әйелдер жеңілдеу жағына барсын» деген жоқ. Ер-азамат атқаратын қара жұмыстың бір құлағы Күлән апалардікі. Маңғыстаудың өзіне тартып туған мінезге кәсіп қалыптастырған мінез-құлық қосылғанда жер астынан қуатпен келетін мұнайдың өзі үйретілген тайдай жуасиды.

Заты нәзік болғанмен намысқа тұратын жерде намысты жанып, күш-қайрат талап ететін жерде өндірістің отымен кіріп, күлімен шыққан оператор Күләннің еңбек жолында өнеге де, жастар ілетін бай тәжірибе де жетерлік.

...Мұнайшылар өмірімен жақын танысу үшін 15 метр биіктікке өкпеміз өрекпіп әрең көтерілдік. Алып қазандыққа қаншама рет мініп-түсу сіз ойлағандай оңай шаруа емес екен. Бізге күнді күнге, тәулікті тәулікке қосқан жылдар бойғы еңбек баспалдақтарынан бой түзегендей әсер қалдырған биіктен тоқтап-тоқтап күш жинап, әрең асып, қазандықтың төбесінен төменге көз салдық. Айналаң қайнаған тіршілік. Төменде осы и-қию тірліктің белортасында жүрген мұнайшылар өмірінің барлық ауыртпалығы мен қиыншылығын әп-сәтте ұққандай болдық. Неге екенін қайдам, қазақтың "әйел – қырық шырақты" деген аталы сөзі еске түсті. Отының басы, ағайынның сыйластығы, ұл-қыздың тәрбиесі, қара қазанының ырысын айыруда шыдамына берік, еңбекқор қазақ әйелдерінен қалай ғана айналмайсың... Отбасында адал жарымен 4 бала тәрбиелеп отырған Күлән Оразмағанбетованың өмірі де осындай. Ең бастысы, туған елінің қазынасын еселеу жолындағы ерен еңбегін айт!

...Күнсұлу

Кешенді мұнайды дайындау және өткізу цехына бет түзегенімізде көкке ұмтыла түсіп, айдаладағы ақ отаудай бой түзеген резервуарға мініп-түсіп жүрген адамды алыстан байқадық. Тұсына келгенде таныдық. Күнсұлу Таңатова апамыз екен. Бізбен емен-жарқын амандасқан оператор келіншектің көз ілеспейтін қимылына ере жүріп, әңгімеге тарттық.

Қырық күн шілдеде қандай екенін біле беріңіз, күзгі ызғардан тоңазып тұрған біздің бойымызды пештерден ұрған ыстық леп әп-сәтте жылытты. Иретілген тұрбалар екі иығынан демалып ол жатыр. Күнсұлу апа біресе задвижканы бұрап жатса, келесі минутта астаушаға су жіберді. Арасында майды өлшеуге кірісіп кетті. Қазандықтарға да үлгеріп жатыр.

Жарты сағатта бір мігір таппаған оператор Күнсұлу Таңатованың бұл бір ғана еңбек күні. Біздің көргеніміз – оның 33 жылдан бері жалғасып келе жатқан еңбек эпопеясының үзігі ғана. Өмірінің баяны. Әп-сәтте бір цехта, бір қызметте, бір орында табан аудармай 33 жыл бойы жұмыс атқарып келеді дегенге сенер-сенбесімізді білмей аңтарылып қалдық. Бүгінгінің жас адамының көзқарасы тұрғысынан қарағанда таңсық, әрине!

Жетібайда туып-өскен Күнсұлудың бала кезінен көрген-баққаны – іргедегі өндіріс. Қара жонда самсап бой түзеген мұнаралар 18 жастағы сұлу бойжеткеннің тағдырын да өзіне байлады. 1984 жылы орта мектепті бітірген соң темір мен ағаштан түйін түйген Ерқаш шебердің қызы ата-анадан алысқа ұзауды қош көрмегені рас. "Жетібаймұнайгаз" өндірістік басқармасына оператор болып жұмысқа орналасты. Қарап отырса, бар жігер-қайратын сол сүйікті мамандығына арнаған екен. Бүгінде ол кешенді мұнайды дайындау және өткізу цехында тауар операторы.

- Ол кездері айдалада кенезесі қатқан жалғыз жолаушыдай шөлі өмірі қанбайтындай көрінетін қара алтынға толы алып резервуарлардың төбесінде тұрып мұнайдың толуын қадағалап отыратынбыз. Қазіргідей қарыштаған техниканың дәурені емес, барлығын қолдың күшімен жасаймыз. Адам саны өте аз. Бір ауысымда 2 адам. Міндетімізге жүктелген 15 метрлік 18-20 шақты қазанға екі сағат сайын мініп, сынама аламыз. Лента салып су мен майын өлшейміз, кейін оны лабораторияға тапсырамыз. Әсіресе, қақаған қыстың қара суығы мен ызғырық желінде көретінбіз көресіні. Насос қатқанда оны бу өндіретін қондырғылармен әбден қыздырып, әдеттегі қалыпқа келтіреміз. Ауыр жұмыста өңкей қыз-келіншекпіз, - деп өткенді еске алған Күнсұлу апай, кідіріссіз жұмыс үстіндегі сұхбатында: «өзімді нағыз бақытты адаммын деп санаймын: жақсы, ынтымағы жарасқан ұжымға келдім, Шекер Ерғожаева, Нұрбибі Ертілиева сынды тәлімгер-лерден көп нәрсе үйрендім. Маған айтқан кеңестері, ақылдары үшін оларға ризашылығым шексіз» - деді.

Күнсұлудың өзінің өскен ортасы несібесін адал еңбектен айырған өнегелі отбасы. Әкесі Ерғаш "ҚазТрансОйл" мекемесінде токарь, анасы осы кәсіпорынның күзет қызметінде диспетчер болып ұзақ жылдардан бері еңбек етті. Бала кезінен білетіні әкесінің ағаштан түйін түйген шеберлігі. Үйдің күнделікті тұтынатын заттарын өзі жасайтын. Дүниянің көзі қат мезгілде Ерқаш ұстаның қолынан шыққан жиһаздар ауыл-аймақтың төрінде тұрушы еді.

- Кейін әкем дүние салғаннан кейін, інім әкемнің көзіндей болған ағаш станогын өзінің қажетіне жаратты. Бүгінде нағыз шебер, - дейді Күнсұлу.

Жүрген ортаңа қадіріңді асыру кез келгеннің пешенесіне жазылмаған бақ. Тегінен берілген тектілік, қазақы тәрбие өмірлік жолдасы болып келеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, өз жұмысына асқан ұқыптылықпен қарайтын Күнсұлудың беделі басым, абыройы асқақ.

- Еңбекқорлығы өз алдына, кісілігін қатты қадірлейміз. Күнсұлу еңбек жолын жас маман ретінде операторлықтан бастап, өзінің ізденімпаздығының нәтижесінде 4-деңгейге көтерілді. Тұла бойынан қарапайымдылықтың лебі есіп тұрады, еңбекқорлық пен жан сұлулығы бір бойынан табылады. Адамгершілігі мол ақкөңіл әріптесімнің жанұясымен аралас-құралас тұрамыз. Бармағынан бал тамған шебер. Отбасы тірлігінің арасында, бізге өз қолымен пісірген түрлі дәмділерін әкеледі. Енді, қолынан шыққан тағамдарының дәмі тіл үйіреді, - деді бірнеше жыл бірге келе жатқан жұмыстасы Гүлнар Аткелтірова.

Адам жасында арманшыл. Көрсем, білсем, үлкен асуды бағындырсам, ел білетін нән болсам дейміз. Қол жетпес қиялдай көрінетін үлкен армандарға жету де бір бақыт. Армандардың жетегіне адами мақсат-мұрат ілеседі. Ата-ананың үмітін ақтау деген перзенттік борыш – мақсаттың үлкені болса керек. Ата-ананың перзентінен дәметкен сондай жақсы тілегін алғы күнге жеткізген жанның бірі – Күнсұлу. Он тоғыз жасында басқа босағаны аттаған Күнсұлу батамен көгерді десе болады. Отағасы екеуі 4 қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты жанұя. Жолдасы да мұнайшы. Биыл босағада қос жақсылық - ұл үйленіп, қыз ұзатылды. Өмір ғой, жанды ауыртатын қиындықтың да айналып кетпейтіні ақиқат. Күнсұлу өмірдің барлық бейнетін өмірге енді келген немересінің қызығы жуып-шаятынын аналық жүрекке тән жан шуағымен, мейірімімен жеткізді бізге.

...Еңбектің зейнетін көру деген осы емес пе?! Әппақ жүздерін май топырақ жеген, әр әжімі күрмеуі көп тіршіліктің куәсіндей болған абзал аналар мен ұлттың қазына қазанын қайнатқан аптал азаматтарға алғыс айтып, риясыз көңілмен қоштастық.

Марапаттың ең биік тұғыры – өзінің намысын жықпай, ел-халқының алдында, осы түбектің шалдары айтатындай, «ақжүзді абыройлы» болып, бала-шағасы мен әулетінің алдында назары төмен түспей, ұрпағын қамқорлап, адал еңбегінен несібесін айыру болса керек. ...Еңбектің зейнетін көру деген осы емес пе?! Осы қарапайым қағидамен өмір сүріп жатқан әппақ жүздерін май топырақ жеген, әр әжімі күрмеуі көп тіршіліктің куәсіндей болған абзал аналар мен ұлттың қазына қазанын қайнатқан аптал азаматтарға алғыс айтып, риясыз көңілмен қоштастық.

Бетті дайындағандар: Л.Жолдыбаева, Ж.Кемал