Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

ҚҰРМЕТ КҰШАҒЫНДА

15 желтоқсан, 2017

«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында елдік пен еркіндіктің мерекесі тойланып, мұнайшылар құрмет пен ыстық ықыласқа бөленді.

Мұнайшылардың рухын қуаттап, тарихи танымын кеңейтіп, ынтымағын, бірлігін жарастырып, елжандылыққа баулу бағытында ұйымдастырылған мәртебесі биік мерекеге Қаламқас кенорнының еңбек адамдары тегіс жиналды.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев мұнайшыларды ел тарихындағы мерейлі мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

– Құрметті Қаламқас кенорнының мұнайшылары! Сіздерді қастерлі де қасиетті Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – бостандыққа ұмтылған халқымыздың асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Тәуелсіздіктің дамуына, қалыптасуына Қаламқас кенорнының мұнайшылары да зор үлесін қосты. Егемендік жылдары ішінде қара алтынды өндіріп, еліміздің әлеуметтік- экономикалық жағдайын жақсартуға еңбек сіңірді. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ- береке тілеймін!, – деді Бақыт Алтайұлы.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Тянь Кэцзянь да жер қойнауының байлығын ел игілігіне жаратқан мұнайшыларды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.

Салтанатты сәтте өндірістік көрсеткіштің өсімін арттырып, еңбек тартуын әзірлеген мұнайшыларға Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хаты, «Самрұқ-Қазына» АҚ Құрмет грамотасы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ естелік белгісі, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасы табысталды.

Қойнауы құт Қаламқаста тойланған Тәуелсіздік мерекесі құттықтау лебіздер мен игі шараларға, құрмет- қошеметке толы болды. Ел тарихындағы елеулі мерекемен «Мұнай-газ кешені қызметкерлері салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлесті- гінің төрағасы Сұлтан Қалиев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тарғын Мысамбаев құттықтап, ақжарма лебіз білдірді. Тәуелсіз еліміздің дамуы жолында еселі еңбектің үлгісін көрсеткен мұнайшыларға «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі атынан алғыс хаттар табысталды.

Мерейлі мерекеде өнерпаз мұнайшылармен қатар қазақ эстрадасының жұлдыздары Ақылбек Жеменей мен Дидар Мұңалбаев әннен шашу шашып, көпшіліктің көңілін серпілтті.

Тәуелсіздік мерекесін тойлаған ынтымағы жарасқан ұжым салтанатты шарада өнерпаздардың орындауындағы әсем әндерге құлақ құрышын қандырды. Елді татулыққа, бірлікке, тұрақтылыққа үндеген мейрамда жер байлығын ел кәдесіне жаратқан мұнайшылар әсем әннің толқуында би билеп, мерекелік көңіл-күймен думанды тойдың сәнін келтірді.