Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰЛТ АЖАРЫ

16 желтоқсан, 2017

Компанияда жарияланған 15 желтоқсан - Ұлттық киім Күні аясында «Ұлттық киім – ұлт ажары» байқауына қоғамның 7 құрылымдық бөлімдері қатысты. Шараның мақсаты – Тәуелсіздікпен қайта оралған қазақи болмысты, салт-сананы насихаттау, тарихты түгендеу. Өйткені қайта оралған қазақы мұраның тарихы - Тәуелсіздігіміздің тарихы.

... Таңғы сағат 8.00. Жұмысқа асыға кірген қызметкерлер кеңсеге емес, барлық сән-салтанатымен тігілген алты қанат ақ орданың есігінен аттағандай болды. Күмбірлеген күй әп-дегеннен көңілді көкке шалқытып, делебені қыздырғандай.

Күнделікті кеңсе киімін ұлттық киімге алмастырған қыз-келіншектер, жеңіл желбегейді иыққа ілген жігіттер жұмысқа жайдары кірісті. Бірнеше күн бұрын жұмыс бөлмелерін ұлттық нақышта безендіріп, ішін салт- дәстүріміз бен әдет- ғұрыптарымызға сай әспеттегені көрер көзге айқын көрініп тұр. Бұл сайысқа қатысқан 7 департаменттің жұмыс бөлмелері халқымыздың асыл мұрасы - киіз үйдің жабдықтарымен, көне жәдігерлермен, бұйымдармен жасақталған.

Төгілте киген қос етек көйлек, қызылды-жасылды бешпет-камзол, кермеде ілінген сүр, астау толы сыбаға қазы-қартасымен, асық ойнап жатқан уақ бала... шолпысы сылдырлап жылдың есебін, айдың май жоспарын да жауып жатқан қыздарды көріп қазақ болып туғанымызға қуандық.

Департаменттерді аралап, ұлт болмысын айшықтайтын құндылықтарды бағамдауға шыққан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығынан құралған комиссия мүшелерін ғана емес, қызықтаушы әріптестерін де шашу шашып қарсы алған адам ресурстарын басқару және әлеуметтік даму департа-ментінің ұжымы киіз үйдің шаңыраған шалқайтып, қазақ елінің төрт бұрышынан келген қазақы дастарханның дәмдерін алға тартты. Беріктің орындауындағы ән де көңілге шаттық сыйлағаны рас.

Геологтар тар жол, тайғақ кешуден өткен қазақ халқының тағдырлы Тәуелсіздігін мазмұнды баяндады. Қазақ мемлекеттілігінің құрылуынан бастап Тәуелсіздік алған кезеңге дейінгі тарихы Қазақстанның мұнай өндірісі кезеңдерімен ұштастырылған.

Біз жас геологтардың білімі мен білігіне тәнті болдық.

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең, атыңдар!

Қош, аман бол, артымда

Ағайын, туған азамат!

Артымда қалған ата-анам,

Ел-жұртым,саған аманат!

-деп жас геолог Бауыржан Исатаев Желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбековтың «Аманатын» биік рухпен жеткізгенде өзекке ащы өксік тығылды...

Ұлттық сайыстың қатысушылары бірі осылай ел тарихындағы елеулі күндерден көрініс қойса, басқалары тұсау кесу, бесікке салу, айтыс сынды салт-дәстүрлерді сахналаған екен. Мәселен, әкімшілік мәселелер департаментіне қарасты ғимараттарды күтіп ұстау тобы қазақы отбасындағы тәлім-тәрбиені, қонақжайлылықты, үлкенге құрметті, кішіге ізеттілікті көрсетіп, Тәуелсіздік алған күндегі бір қазақ отбасының қуанышын көз алдымызға шынайы келтірді. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев ақын Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ елім» өлеңін оқып, көптің көңілінде ерекше әсер қалдырған бөбек Али-Мұстахим Алдабергеновтің басынан сипап, еліміздің келешегі жастардың қолында екенін айтты. Сатып алу және материалдық-техникалық жабдықтау департаментінде Раяна Амандыққызының тұсауы кесілгенде комиссия мүшелері баланың келешегіне ақ жол тілеп, қадамына «Құтты болсын!» айтты. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Алтайұлы бұл балаларды компания өз қамқорлығына алатынын жеткізді.

– Компанияда жыл сайын өткізіліп келе жатқан сайыста департаменттер тарих толқынында болған оқиғаларды, айтулы сәттерді, салт-дәстүрлерімізді көрсетіп, ұлттық рухымызды көтерді. Қызметкерлеріміз түпкі мағынасы қазақы тәлім- тәрбиеге негізделген салт-дәстүрлерімізді көрсету арқылы бізде мықты мәдениет мәйегі қалыптасқанын көрсетті. Компания қызметкерлерінің балалары Али-Мұстахим мен Раянаның болашағына қолдау білдіріп, акционерлік қоғам атынан жоғары оқу орнында білім алуына бүгіннен бастап негіз қалай беретін боламыз, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев.

Ұлттық Киім күнінің бірінші жүлдесін геологтар мен әкімшілік мәселелер департаментіне қарасты ғимараттарды күтіп ұстау тобы теңдей иеленді.

Сатып алу және материалдық-техникалық жабдықтау департаменті мен адам ресурстарын басқару департаменті 2-орынды бөлісті. Компанияның көлік департаменті, әлеуметтік мәселелер департаментіне қарасты тамақтану бөлімі және құрылыс департаменті 3-орынды иеленді.