Жаңалықтар

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ

«МАҢҒЫСТАУМҰНАЙГАЗ» АҚ БАСШЫЛЫҒЫ ҰЖЫМДЫ ЖАҢА ЖЫЛМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

27 желтоқсан, 2017

Қадірлі мұнайшылар!

Санаулы күндерден кейін 2018 жылға қадам басқалы тұрмыз. Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқағай!

«Бүгінгі күн-ертеңгі тарих» демекші, 2017 жыл «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы үшін тарихи жыл болып уақыт қойнауына енді. Қазақ елі Тәуелсіздігінің 26 жылдығын мұнай өндірісіндегі биік табыстарымызбен айшықтадық. Мұнай өндірудің жылдық жоспары - 6 млн 350 мың тонна мұнайды орындау жолында талмас табандылықпен межеге табан тіреген мұнайшылар Жаңа Жылды қарқынды еңбек вахтасымен қарсы алды.

«2017 жыл несімен есте қалды?» деген сұраққа жауап іздесек, тұтас ел үшін үлкен мерекелер мен маңызды оқиғалар тоғысқан кезең болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – ұлт тарихындағы жаңа бір ұлы белес, ерекше жаңалық ретінде тарихқа енді.

Мамыр айында «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының 150 000 000 (жүз елу милионыншы) тонна мұнайын өндірген тарихи межесіне куә болдық. Өндіріс пен өнерді серік еткен біздің ұжымның оң көрсеткіштерін тарқатар болсақ, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» АҚ бойынша өткен «Үздік маман-2017» кәсіби додада қос әріптесіміз «Жетібаймұнайгаз» ӨБ қызметкерлері Абдол Бижанов пен Рахат Имановтың жеңіс тұғырынан көрінуі мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдау бағытындағы игі ізденіс, өндірісті тиімді ұйымдастырудағы жаңашылдықтың нәтижесі екені сөзсіз.

Қадірлі мұнайшылар, құрметті әріптестер! Компания жеткен жетістік, бағындырған биік, әрбір асқан асуларда Сіздердің өлшеусіз үлестеріңіз бар. Ел экономикасының қарыштап дамуына қосар ерен ерліктеріңіз таусылмасын. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жаңа жылдың біздің компаниямыз үшін бұдан да жарқын боларына сенім мол.

Құрметті әріптестер! Баршаңызды келіп жеткен 2018 – Жаңа Жылмен шын жүректен құттықтаймын. Компанияның дамуы мен гүлденуіне қосқан еңбектеріңізді жоғары бағалай отырып, Сіздерге және отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, ұзақ ғұмыр тілеймін.

Жаңа жыл – жаңа жетістіктер мен жаңа бастамалар жылы болсын!

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасы

Бас директор Иманбаев Б.А.

Бас директордың бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн