Новости

АО «Мангистаумунайгаз»

Руководство АО "Мангистаумунайгаз" поздравило коллектив с Новым 2016 годом!

30 декабря, 2015

Құрметті әріптестер!

Санаулы күндерден кейін жаңа 2016 жылға, тәуелсіз қазақ мемлекеттігі жылнамасының 25 жылдығына аяқ басқалы тұрмыз! Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқағай!

«Бүгінгі күн - ертеңгі тарих» демекші, 2015 жыл да қас-қағым сәттей боп, зырғып өте шықты. Қызығы да, шыжығы да кемде болмады. Әлемді билеген дағдарыс, шикізат нарығының құлдырауы, алпауыт мемлекеттер арасындағы теке тірес ел экономикасына ызғарын тигізбей қоймады. Әйтсе де, халқымызға тән еңбекқорлық пен сабырлылықтың, Елбасының салиқалы саясаты мен даналығының арқасында айдан аман, жылдан есен келеміз. Аспанымыз ашық, жұртымыз тыныш, еліміз аман! Басты жетістік сол емес пе?!

«2015 жыл несімен есте қалады?» деген сұраққа жауап - тұтас ел үшін ол үлкен мерекелер мен маңызды оқиғалар тоғысқан кезең болды. Жыл басын қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықтың символына айналып, халықаралық деңгейде үлкен қызығушылыққа ие болып отырған Қазақстан Халықтары Ассамблеясының 20 жылдығына арналған шаралармен бастасақ, сәуір айында Қазақстан халқы өмірлік маңызы бар шешім жасап, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бір ауыздан сенім білдіргенінің куәсі болдық. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай бүгінгі бейбіт өмірдің жолында құрбан болған қандастарымыз бен жерлестеріміздің рухы мен жанкешті ерлігіне тағзым етіп, көзі тірі ата-әжелеріміздің батырлығын жырладық, ұлығыладық. Қазақстан Республикасының басты Заңы – Конституцияның 20 жылдығын, ең ұлысы - қазақ халқының мерейін арттырған, мемлекет ретінде бес ғасырдан астам тарихы бар іргелі ел, қабырғалы халық, текті ұлт екеніміздің айшығы болған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік.

Биылғы жыл «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы үшін табысты жыл болды. Мұнай өндіру көлемін ұлғайту мақсатында өндіріске жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қаламқас кен орнында жер қабатына полимер айдау әдісінің жаңа технологиясы енгізілді. Ұңғыларды күрделі жөндеуден өткізу барысында ұңғыларға қосымша кіші диаметрлі бағандар орнату әдісін қолдана бастадық. Қызметкерлердің ойлап шығарған мұнай жылыту пештерінің иректүтіктерін жөндеу-ауыстыру жұмыстарын жеңілдететін инновациялық құрылғының сынағы оң нәтиже көрсетіп, қолданысқа енді. Жаңа өндірістік-әлеуметтік нысандар ашу, қолданыстағыларын жөндеуден өткізу арқылы қызметкерлердің еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарттық. Өз кезегінде, осының бәрі, сіздердің – қарапайым мұнайшылардың ұтымды ұсыныстарымен, ұшқыр ойларымен, адал еңбегімен еселеніп, 2015 жылға бекітілген мұнай өндіру жоспарын мерзімінен бұрын орындап, жоспарланған 6 млн. 250 мың тоннаға қоса 23 мың тоннадан аса «қара алтынды» артығымен өндіруге жағдай туғызды. Демек, «Бұл жыл, біз үшін, табысты болды!» деп нық сеніммен айтуға болады, ал келер жыл бұдан да жарқын болады деп сеніммен үміт артамыз!

Құрметті мұнайшылар, баршаңызды 2016 - Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймыз! Айдан аман, жылдан есен болып, еңбегіңіздің зейнетін көрулеріңізге тілектеспіз! Ынтымағымыз жарасқан, бейбіт күннің тыныштығындағы бақытты өмір тілейміз. Әр мұнайшының отбасында ырыс-несібе мол болсын!

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы

Басқармасы,

Бас директор Б.Иманбаев

Бас директордың бірінші орынбасары Сунь Синъюнь